Қазақстанда өртенген автобуста қаза тапқан Өзбекстан азаматтарын алып кету үшін Ташкенттен арнайы рейс ұшырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ӨР ТЖМ-не сілтеме жасап.
«Ұшақ Ташкент уақытымен 15:00-де ұшты. Әзірше қаза тапқандар есімдерінің толық тізімі жоқ. Бұл мәселе қазір Қазақстан ІІМ және СІМ-мен бірлесе шешілуде. Автобус Сарыағаш қаласынан Ресейдің Қазан бара жатқан», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Өзбекстан ТЖМ баспасөз қызметіндегілер оларда жол апатында аман қалғандар тізімі де жоқ екенін айтты.
«Біз әзірше аман қалғандар тізімін алған жоқпыз. Осы мәліметті анықтап жатырмыз», - дейді баспасөз қызметіндегілер.
Еске салайық, төтенше жағдай Ақтөбеден 320 шақырым қашықтықта Қалыбай кентінен 10 шақырым жерде «Самара-Шымкент» тасжолында болған.
Жедел штабта белгілі болғандай, автобус жолаушылары Өзбекстаннан Ресейге күнкөріс қамымен бара жатқан. Онда Өзбекстанның 54 азаматы мен 3 қазақстандық болған. Автобуста шыққан өрт салдарынан 52 өзбекстандық қаза тапты. Тірі қалғандардың арасында 3 қазақстандық және 2 өзбекстандық бар. Оларды жеңіл деңгейде күйік шалған. Оқиғаның мән-жайы тергеу амалдары барысында анықталмақ. Осы оқиғаға байланысты арнаулы Үкіметтік комиссия жасақталды.