Мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнолог ғалым Өзбекәлі Жәнібековке Алматы мен Түркістан қаласында ескерткіш орнатылады.
Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнолог ғалым Өзбекәлі Жәнібековтың 90 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атап өтілетін атаулы даталар мен жылдар тізбесіне енгізілген. Осыған байланысты Үкімет қоғам қайраткерінің есімін құрметтеуге арналған кешенді жұмыстар жүргізуде. Осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде «Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаушы – Ө. Жәнібеков», «Отырардың тағылымды тұлғасы» атты көрмелер, «Ө.Жәнібеков – ұлт мәдениетінің жанашыры» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Ұлт рухын ұлықтаған – Ө.Жәнібеков» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды», - делінген Үкімет басшысы орынбасарының жауабында.
Вице-премьердің атап өтуінше, 19 қарашада Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде Ө.Жәнібековтің 90 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты халықаралық-тәжірибелік конференция және 8 желтоқсанда «Бабалар аманаты - Тәуелсіздік» атты республикалық жастар айтысы өтеді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде қараша айында «Ұлт рухын ұлықтаған Ө. Жәнібеков» атты дөңгелек үстел, сондай-ақ кітап көрмесі ұйымдастырылады. «Мирас» университетінде «Көрнекті этнограф және қоғам қайраткері Ө.Жәнібековтің шығармашылық мұрасы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция жоспарланған.
«Ө.Жәнібековтің қызметі мен еңбегін насихаттауға арналған іс-шаралар басқа өңірлерде де өз жалғасын табады. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі Алматы қаласы кітапханаларында қайраткердің 90 жылдығына орай дөңгелек үстелдер, көрмелер ұйымдастырады. Бүгінде қоғам қайраткерінің есімі Түркістан қаласындағы № 27 ІТ-мектеплицейіне, Түркістан облысының Отырар ауданындағы № 4 мектеп лицей интернатына берілген. Аталған лицей-интернатта Ө.Жәнібековтың музейі жұмыс атқаруда. Түркістан қаласындағы көшеге Ө.Жәнібековтің есімі 2004 жылы берілген. Көшенің ұзындығы 1 300 метр, 80-85 үй орналасқан, сумен, жарықпен қамтамасыз етілген, абаттандырылған, асфальттанған. Қазіргі күні қала әкімдігі Түркістан қаласындағы жаңадан түскен көшелердің біріне қоғам қайраткерінің есімін беру мүмкіндіктерін қарастыруда. Сонымен қатар Шымкент қаласында Ө. Жәнібековтің есімі берілген 1 мектеп және қала аумағында 1 үлкен көше бар. Ө. Жәнібековтің бюсті Түркістан қаласында қайраткердің есімімен аталатын мектеп алдында, ал ескерткіші Отырар ауданы Шәуілдір ауылында орнатылған. Қазіргі уақытта Түркістан облысы әкімдігі мемлекет қайраткеріне арналған еңселі ескерткішті Түркістан қаласында орнату мәселесін келесі жылы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына ұсынуды жоспарлауда», - деді Ералы Тоғжанов.
Оның атап өтуінше, бүгінгі күні Алматы қаласындағы Гоголь көшесінің 37 мекен-жайына Ө. Жәнібековке мемориалдық тақта орнату жұмыстары жүргізілуде. Алматы қаласының әкімдігі мемлекет қайраткеріне арналған ескерткіш орнату мәселесін қалалық Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізетін болады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2022 жылғы мемлекеттік тапсырыс аясында «Қазақстан» РТРК» АҚ Ө.Жәнібеков және К.Смайылов туралы, «Хабар» агенттігі» АҚ Ш.Мұртаза, Ш.Уәлиханов туралы портреттік деректі фильмдер дайындау үшін тақырыптық тізімге қосуды жоспарлап отыр.
«Сондай-ақ, қазіргі кезде Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе отырып, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне қарасты Арыстанбаб кесенесінің аумағында орналасқан Ө.Жәнібеков кесенесін республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізу мәселесін қарастыруда. Қостанай облысының әкімдігі Арқалықтағы «Дала өлкесі тарихи облыстық музейіне» Ө.Жәнібектің есімін беру бойынша қоғам пікіріне зерделеу жүргізіп, тиісті құжаттарды әзірлейтін болады. Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген көрнекті тұлға Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығын ұйымдастыру одан әрі тиісті деңгейде жалғастырылатын болады», - деді вице-премьер.