18 желтоқсан күні 16:30-да елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Jekpe Jek сарайында олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов пен аргентиналық Хуан Эрнан Леал жартылай орта салмақтағы IBO чемпиондық белбеуіне таласқа түседі, деп хабаралйды ҚазАқпарат.
Халықаралық бокс кешіндегі екінші басты кездесуде аса ауыр салмақ өкілі, қос олимпиада қоласының иегері Иван Дычко (10-0, 10 КО), тәжірибелі ресейлік боксшы Александр Устиновпен (36-5-1, 27 КО) қолғап түйістіреді.
Ал танымал боксшы Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО) мысырлық Абдумонем Саидпен (22-1-1, 11 КО) жекпе-жек өткізбек. Одан бөлек, бокс кешінде елімізге танымал Дәурен Елеусінов, Дәулет Дәукенов, Айдар Шәрібаев және Ангелина Лукас секілді боксшылар күш сынасады.
Сонымен қатар ел кәсіпқой боксының тарихында араға 20 жыл салып алғаш рет 55,3 келі салмақ дәрежесі бойынша, Ержан Залилов пен Ескендір Харсан, Қазақстан чемпионы атағына KFPB титулы үшін таласқа түседі. Бокс кеші аясында жанкүйерлер 13 қазақстандық боксшының өнерін тамашалай алады.
«Қазақстанның Тәуелсіздігі құтты болсын! Осындай маңызды күн үшін, қонақжайлылықтарыңыз үшін өте қуаныштымын! Жаңа титул үшін жекпе-жекке осылай жағдай ұйымдастырғандарыңыз үшін көп рахмет!», - деді аргентиналық Хуан Эрнан Леал елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Өз кезегінде Данияр Елеусінов барша қазақстандықтарды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.
«Отыз жылдық қарсаңында керемет шоу өткелі жатыр, барша ұйымдастырушыларға алғыс білдіргім келеді. Бәрі жоғары деңгейде өтеді деген сенімдемін. Боксшыларымызға тек сәттілік тілеймін. Жанкүйерлерге де қызықты болады деп ойлаймын. Титулдық кездесудің өз елімде өтіп жатқаны мен үшін үлкен мәртебе. 2013 жылы Алматы қаласында Әлем чемпионы атанған едім, енді астанада да чемпион болуды бұйырсын», - деді Елеусінов.
Айта кетейік, 17 желтоқсан күні сағат 13:30-да бокс кешінің жұлдыздары ресми салмақ өлшеу рәсімін өткізеді. Спорт жанкүйерлері 18 желтоқсанда Данияр Елуесіновтің чемпиондық жекпе-жегін «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай алады.