14 сәу, 2022 сағат 15:28

Өз басым криптовалютаға ақша салмаймын – Әлібек Қуантыров


ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров криптовалютаға инвестиция салғысы келетін қазақстандықтарға бірнеше кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдері Ұлттық экономика министрінен криптовалютаға инвестиция салған-салмағанын сұрап, осындай ойда жүрген қазақстандықтарға кеңес беруін өтінді. 

«Жеке өз басым криптовалютаға ақша салмаймын. Ол үшін белгілі бір уақыт пен қандай да бір білім-білік керек шығар. Бұл мәселеге қызығушылық танытқан емеспін. Тек Президент әкімшілігінде жұмыс істеген кезде монетарлық шаруалар аясында ұшырастым. Қазір криптовалюта өндіретін майнерлерге салық жүктемесін ұлғайтуды қарастырып жатырмыз. Дәл қазір майнерлерге салынатын салық көлемін криптовалюта құнына байлау қаралып жатыр. Яғни, криптовалюта өссе, салық өседі. Бұл бюджетке жақсы», - деген министр инвестиялау тәуекелдері туралы пайымын айтты.

«Бұл - әркімнің өзі ісі. Бірақ әркез тәуекел болады. Криптовалюта нарығында тәуекел тіптен жоғары. Өйткені оның артында валюта деп атауға негіз болатындай нақты актив жоқ. Бұл тіпті дериватив те емес, қолмен ұстап, көзбен көруге келмейтін дүние. Оның үстіне криптовалюта онлайн-әмияндарда сақталады. Ол әмиян тым алыста орналасқан болуы мүмкін. Тіпті цифрлық тұрғыдан қарағанның өзінде, көбіне сіз тұратын аумақтан тым алыста орналасады», - деді Әлібек Қуантыров. 

Оның айтуныша, криптовалютаға инвестиция салған адамдар мұнда да әртараптандыруға тырсуы керек.

«Бәрін бір себетке салуға болмайды. Криптовалютадан басқа валюта сияқты шынайы активтерге де бөлшектеп қаржы салуға болады. Криптовалютаға салған инвестицияны да өз ішінде әртараптандыру керек деп ойлаймын. Бір ғана криптовалютаға салудың қажеті жоқ. Бір ғана биткойнға, бір ғана лайткойнға салу дұрыс емес. Шама келгенше әртараптандыру керек. Өйткені бұл нарық түрлі трендтер көрсетіп тұр. Кенет түсіп немесе көтерілсе, үлкен ақша жоғалтып, бармақ тістеп қалуға болады», - деді министр.