28 қар, 2018 сағат 22:05

Отырардағы келелі кездесу

Еліміздің өз тәуелсіздігін жариялағанына жиырма жеті жыл болса, осы жылдар ішінде ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қолы жеткен мемлекетіміздің күнделікті өміріне қажетті көптеген заңдар жаңадан қабылданды. Солардың бірі - медиация туралы заң десек, осы заңның талаптарына сәйкес елімізде медиация қызметі кеңінен өріс жайып, өз жұмысын жүргізіп келеді.

Медиация қызметі - қалыптасқалы бері жер дауы мен жесір дауынан көз ашпаған халқымыз үшін жат емес. Көне тарихқа көз жіберіп қарасақ, дана халқымыздың жалпақ тілімен айтқанда бітімгер, екі жақты татуластырушы тұлға деген мағынаны беретін медиатор қызметін мінсіз атқарған небір аузы дуалы Төле би, Қазыбек пен Әйтеке билер жөнінде білуіміз де, білмеуіміз де әбден мүмкін еді. Ия, бұл азаматтар өздері өмір сүрген дәуірде небір күрмеуі қиын күрделі мәселелерді бойларына біткен сезімталдық, парасаттылық, көрегенділік қасиеттерімен әділ шешіп, халқының саналарында сақталып қалғандары еш дау тудырмайды. Бүгінгі күннің ақсақалдары мен билері бабалардың жолын жалғап, өмірімізге дендеп енген медиация қызметін атқарып келеді.

Заң тұрғысынан келгенде медиация деген терминнің өзін әлі күнге дейін өз дәрежесінде толық түсінбейтіндігіміз жасырын емес. Сондықтан осы мәселені тұрғындарға насихаттаудың еш артықтығы жоқ. Осындай мақсатта республикалық «Ардагерлер ұйымының» баспасөз хатшысы Жанат Елубаев бастаған арнайы насихаттық топ Отырар ауданында болып, тұрғындармен кездесу өткізді.

Көпшілік қауым үшін берер пайдасы мол мұндай жиынды аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты топ жетекшісі Жанат Адайханқызы үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі болып табылатын медиацияға кеңінен тоқталып, түсінік беріп өтті.

Тараптардың шиеленіс деңгейін төмендету және даудың екі жақты да қанағаттандыратын шешіміне қол жеткізу мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндірген топ мүшелеріне жиналған жұртшылық тарапынан қойылған сауал қойылып, ұсыныстар жолданды.