19 ақп, 2020 сағат 16:45

Өткен жылы Алматы облысында 8 мың тонна ет экспортталды

Алматы облысындағы мал шаруашылығында мал мен құс саны, ет, сүт, жұмыртқа өндірісі ұлғайды. Мәселен, өткен жылы "Империя Фуд" және "Қайыңды" екі ірі ет комбинаты іске қосылып, сегіз мың тонна ет экспортталған. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда өткен халық алдындағы есеп беру кездесуінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

Амандық Баталовтың сөзіне сүйенсек, германиялық инвесторлардың "Жетісу қой" ұсақ малды терең өңдеу жобасын іске асыру арқылы және Іле мен Ұйғыр аудандарында үш құс фабрикасын іске қосу арқылы ет экспорты жылына 25 мың тоннаға жеткізіледі ("Наурыз Агро" - 15 мың бас, "Green Food" - 29 мың бас, "Прима Құс" - 37 мың бас).

- Тағы бір жобаны іске асыру көзделген – бұл жалпы инвестиция көлемі 190 млрд. теңге болатын америкалық "Тайсон фудс" компаниясының ірі ет өңдеу зауыты. Олардың қуаты жылына 500 мың басты өңдеуге және төрт мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Алайда, мұндай ірі жобаларды іске асыру үшін жем-шөппен қамтамасыз етуге суармалы жерлер қажет. Біз ирригациялық жерлерді қалпына келтіру үшін 40 млрд. теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындадық, оның 19 млрд. теңгесін Ислам Банкі қаржыландырды. Ақсу, Алакөл, Ескелді және Көксу аудандарында ирригациялық желілерді қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, - деді облыс әкімі.

Жалпы өткен жылы облыста 20 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілді. Сондай-ақ Қызылағаш су қоймасын қайта жаңарту аяқталды, енді желі салу жұмысы басталады, соның есебінен 7 мың гектар жер айналымға тартылмақ. Облыс бойынша 2025 жылға дейін барлығы 138 мың га суармалы жер тартылатын болады.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі