27 қыр, 2024 сағат 16:03

"Отбасы мүшесін өлтірмеген": Сот Бишімбаевты әкелік құқықтан айырудан бас тартты


Азаматтық некедегі әйелін аса қатігездікпен өлтіргені үшін 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман балаларының әкесін ата-ана құқығынан айыру үшін Бас прокуратура мен Жоғарғы сотқа жүгінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

Назым Қахарман Астанада өткен баспасөз конференциясында Бишімбаевты ата-ана құқығынан айырып, балаларының тегін ауыстыру үшін сотқа арыз жазғанын айтты. Алайда сот оның бұл арызынан бас тарқан. Айтуынша, экс-министр Салтанат Нүкеновамен азаматтық некеде тұрғандықтан, Бишімбаев отбасы мүшесін немесе жақынын өлтірген жоқ деп саналады екен. Алайда Назым балаларының Салтанатты отбасы мүшесі және әкесінің әйелі ретінда қабылдағанын айтты.

"Өкінішке орай, шындықты айтып, көмек сұрауға мәжбүрмін. Меніңше, соттың арызымды қабылдамауы әділдікке жатпайды. Соттың назарын аудару үшін қоғамға, Бас прокуратураға және Жоғарғы сотқа жүгінемін. Міндетті түрде аппеляциялық сотқа беремін. Өйткені мен үшін балаларымның болашағы, қызығушылықтары мен тұлға ретінде қалыптасуы маңызды. Балаларды Салтанат Нүкенованы отбасы мүшесі ретінде қабылдағанын дәлелдедік. Алайда сот мүлдем басқа шешім шығарды", – деді Назым Қахарман.


Айтуынша, балалардан жауап алынған, десе де оны ешкім ескермеді.

"Судья балалардың жасқаншақ емес екенін және олардың мінез-құлқынан психологиялық жарақатты байқамайтынын айтты. Қуандық балаларының өзімен, ата-апасымен сөйлескенін қалайды. Алайда балалар мұны қаламайды. Баларды мәжбүрлей алмайсың", – дейді Назым Қахарман.


Оның адвокаты Мадина Уатбекованың айтуынша, Бишімбаев біріншіден, адам өлтіргендіктен, екіншіден, балаларға психологиялық зәбір көрсеткендіктен оны ата-ана құқығынан айыру туралы арыз жазған. Алайда сот та, прокуратура да Салтанат Нүкенова мен Бишімбаев заңды некеде болмағандықтан ол жақынын немесе отбасы мүшесін өлтірмеді деген тұжырымға келді. 

"Бұл мүлде дұрыс емес әрі заңсыз. Егер ата-ана қылмыс жасаса, мемлекет оны ата-ана құқығынан айырады. Осылайша баланы қорғайды. Бірақ сот неге екпінді "отбасы мүшесі" деген сөзге қойып отыр? Не себепті сот кез келген қылмыс жасаған адамды ата-ана құқығынан айырмайды", – дейді заң өкілі.


Назым Қахарман балаларының тегін ауыстырмақ болған. Бірақ сот оның бұл арызын да қабылдамаған.