18 нау, 2022 сағат 18:48

Отандық және шетелдік ғалымдар Ұлыстың ұлы күніне қатысты қарар қабылдады


Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Наурыз – халық бірлігінің мәдени коды: зерттеу, тұжырымдама, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шараға Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО өкілдігі, Иран Ислам Республикасы, Түркия, Түркіменстан және Тәжікстан Республикалары елшілігінің өкілдері, сарапшы мамандар және отандық ғалымдар қатысты. Конференцияда адамзат тарихында орны айрықша мерекенің бүгінгі замандағы мәртебесі ғылыми-практикалық тұрғыда жан-жақты зерделеніп, байыпталды. 

Ғылыми жиынға қатысушы отандық және шетелдік ғалымдар наурызтанудың қазіргі өзекті мәселелерін талқылап, бүгін, таяуда және болашақта атқарылатын ғылыми ізденістер мен жобалардың іс-жоспарын белгіледі.

Қатысушы ғалымдар конференцияның төмендегі қарарын қабылдады:

- Наурызнамаға байланысты зерттеулер мен практикалық ізденістердің мейлінше толық электрондық базасы жасақталсын; 

- Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық және Әлеуметтік ғылымдар факультеті (философия, этнология, мәдениеттану бағыты) тарапынан «Наурыз мерекесі: заманауи талғам мен талап» атты жұмыс комиссиясы құрылсын; 

- Соңғы жылдардағы «Наурыз мерекесін» атап өту мен жүргізудің сценарийлері тарихшы, этнограф, мәдениеттанушы ғалымдардың сүзгісінен өтіп, жинақ түрінде әзірленіп, шығарылып, тиісті орындарға, барлық кітапханаға таратылсын; 

- Наурыз мерекесіне қатысты іс-шаралар кешені Тәуелсіздік құндылықтарымен сабақтастырыла байыпталып, кеңінен насихатталсын;

- «Тарихи Наурызнама» (әлемдік антология) БҰҰ тілдеріне аударылып, халықаралық кеңістікке танытылсын;

- Наурыздың мән-маңызына байланысты ғылыми тұжырымдар мен қағидаттар білім үдерісіне, әсіресе мәдениеттану, философия, этнология және өнертану салаларына  енгізілсін;

- Парсы және түркі мәдениетіндегі наурызнамаға байланысты тәжірибелер, ойлар, ғылыми қорытындылар әлем мәдениетінде кең қолдануға мүмкіндіктер жасалсын;

- Түркістан өңірінде сақталған көне ескерткіштерді, соның ішінде наурызға қатысты ғұрыптарды зерттеуге ат салысу;

- Шығыс елдері мен Түркі дүниесінің халықаралық саяси, экономикалық, мәдени шараларын Наурыз мерекесіне орайластыру сұралсын;

- Наурызға орай халықаралық кітап және ұлттық мәдениет көрмелері ұйымдастырылсын;

- «Наурыз» төсбелгісін әзірлеу, оны қоғамға кеңінен тарату жауапты орындардан сұралсын;

- Наурыз шараларының бүлдіршіндер мен балаларға арналған танымдық және заманауи бағдарламалары көбейтілсін;

- Наурыздың (мерекенің) технологиялық, ақпараттық, қолданбалық мазмұнын, маңызын, әлеуетін көтеруді қолға алу керек;

- Қайырымдылық, рахымшылық шараларын Наурызға орайластыруды қарастыру.

Қарар жобасы конференцияның қорытынды бөлімінде оқылып, талқыланып, бекітілді.