08 қар, 2021 сағат 11:54

Отандық заңнама халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіріледі – Ойшыбаев


Отандық заңнама «сөз бостандығы» мәселелерін реттейтін халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіріледі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Министрлік БАҚ саласындағы нақты ахуалды зерделеуде. Халықаралық тәжірибеге талдау жасап, заңнамаға түзетулер әзірлеуде. Біз БАҚ пен қоғамдық ұйым басшыларының ұсыныстарын талдап, жинақтаймыз. Келесі жылы қоғамдық жұмыс тобын құрып, талқылауға шығарамыз.

Министрлік заң жобасын әзірлеу кезінде ашықтық, жариялылық қағидаттарын ұстанып, сала субъектілерінің пікірін ескереді», - деді ол елордада өтіп жатқан бұқаралық медиан заңнамалық реттеу туралы конференцияда.

Оның айтуынша, заңнамалық өзгерістерді әзірлеудегі мақсат – отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және журналистердің құқықтарын қорғау.

«Біз алдымызға мынадай міндеттерді қойып отырмыз:

- басқа елдердің БАҚ саласындағы халықаралық тәжірибесін және оларды қолдану практикасын зерделеу;

- отандық заңнаманы «сөз бостандығы» мәселелерін реттейтін халықаралық құқық нормаларына сәйкестендіру;

- ақпарат әзірлеу, алу және тарату процестерімен байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу;

- БАҚ мәселелерін реттейтін қолданыстағы ұлттық заңнаманың олқылықтары мен қайшылықтарын жою», - деді Кемелбек Ойшыбаев.