12 сәу, 2022 сағат 12:49

Отандық биопрепарат өндірушілерге салықтық жеңілдіктер беру керек – Күнсұлу Закарья


Отандық биопрепарат өндірушілер үшін салықтық жеңілдіктер беру керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жетістіктерге қарамастан институт келесі мәселелерді шешуді ұсынады: клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерге қосымша қаржыландыру; ДДҰ-да сертификаттау үшін ДСМ ұлттық реттеуші және сарапшы органының жетілуінің 3-ші деңгейіне қол жеткізуді жеделдету; Ауыл шаруашылығы министрлігімен ғылымды қажетсінетін өнімге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуды пысықтау; отандық биопрепараттар өндірушілер үшін салықтық жеңілдіктер көздеу; экспортқа шығарылатын биопрепараттар мен ғылымды қажетсінетін өнімдерді субсидиялауды көздеу; дәрілік препараттарды тіркеу кезінде бақылау және сараптама рәсімдерінің мерзімдерін оңтайландыру; материалдық-техникалық базаны жаңарту», - деді институт басшысы. 

Осы ретте ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша БҚПҒЗИ және «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауытының жұмыскерлері үшін отандық ғалымдарды әлеуметтік қолдау аясында 60 пәтерлі үш тұрғын үй және дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, пайдалануға берілгенін атап өтті. 

«Қазіргі уақытта БҚПҒЗИ мен «OtarBioPharm» ЖШС-нің бүкіл қызметкерлері тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Қызметкерлердің жалақысы өткен жылдармен салыстырғанда өсті. Егер 2019 жылы орташа жалақы 205 мың теңгені құраса, 2021 жылы ғалымның орташа жалақысы 405 мың теңгеге дейін артты», - деді Күнсұлу Закарья.