Машина жасау саласында алдыңғы қатардағы 21 жоба іске асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, машина жасау саласында алдыңғы қатардағы 21 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішіндегі негізгі бағыттар бойынша:
- импортты алмастыру әлеуеті 130 млрд теңге (автомобиль шиналары, тұрмыстық техника, компьютерлік жиынтықтауыштар, шанақтардың қалыптау бөлшектері, көлікке арналған әйнек өндірісі, жүк автомобильдері, металл өңдеудің автоматтандырылған желілері, мұнай-газ жабдығы және т.б.);
- экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыру (автошиналар, шойын құю, ұсталық-бандаж кешені, планшеттер мен смартфондарға арналған жұқа шыны, «Беларус» тракторларына арналған кабиналар, алюминий дискілер, изотермиялық вагон-термостар, электр техникалық жабдық пен жинақтауыштар, шағын станцияларға арналған жоғары вольтты аппаратура және т. б.) экспортты ұлғайту әлеуеті 622 млн АҚШ доллары.
«Химия өнеркәсібінде 2025 жылға дейін алдыңғы қатарлы 18 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жобалар кальцийленген сода, полипропилен, натрий цианиді және минералды тыңайтқыштар өндіруді көздейді. Олар тек ішкі нарыққа ғана емес, сондай-ақ өнім экспортына да бағдарланған», - деді ол.
Қайырбек Өскенбаев құрылыс материалдарының өндірісі саласында да жүзеге асырылатын жобаларға тоқталды.
«Бұл ретте 890 млн АҚШ доллары көлеміндегі өнім импортын алмастыруға, сондай-ақ экспорт көлемін 206 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін алдыңғы қатарлы 24 жобаны іске асыру жоспарда бар. Жалпы керамикалық плиталар, автоклавты газоблоктар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер сияқты тауарлар бойынша импортты толықтай алмастыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, елімізде бұрын-соңды өндірілмеген санфаянс, бөлмеаралық есіктер, лакталған ағаш-жаңқалы тақталар, еден жабындары сияқты тауарлардың өндірісі іске қосылатын болады», - деді министр.
Министрдің айтуынша, жобаларды іске асыру нәтижесінде 9,1 млрд АҚШ доллары көлеміндегі тауарлар бойынша импорт алмастырылып, шикізаттық емес тауардың экспорт көлемі 17,2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтылады.
«Керамикалық плиталар, кальцийленген және каустикалық сода, жылу оқшаулағыш материалдар, арнайы кокс, калий тыңайтқыштары және басқа да тауарлар бойынша импорт толықтай алмастырылады деп күтілуде. Ферроқорытпалардың әлемдік экспорты бойынша 2-ші орынға шығу, болат импортын 75 пайызға қысқарту, мақта өңдеу көрсеткіштерін 100 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ еден жабындары мен геосинтетиканың импортын 25 пайызға алмастыру жоспарда бар», - деді Қайырбек Өскенбаев.