ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту көрсеткіші төмен өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы осы жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында 2025 жылы халықтың сапалы ауыз суға қол жетімділігін 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Осы мақсатта, «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылы аталған көрсеткішке қол жеткізу жоспарланған. 2020 жылдың қорытындысында елімізде сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік 94,1 пайызды, оның ішінде ауылдық жерде – 90,1, ал қалаларда 97,5 пайызды құрады. Осы жылдың ауылдарда – 91,8, қалаларда 98 пайыздық жоспарлы көрсеткіші орындалады», - деді ол Мәжілістегі дөңгелек үстел барысында.
Оның атап өтуінше, еліміздің кейбір өңірлерінде ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту кестесінен арта қалу байқалады. Атап айқанда, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтудағы ең төменгі көрсеткіш Қостанай облысында - 64,7, Шығыс Қазақстан облысында - 81,4, Солтүстік Қазақстан облысында - 82,1 және Жамбыл облысында 82,2 пайызды құрайды.
«Осыған орай қамту көрсеткіші төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді. Бұл арта қалып қойған өңірлердің көрсеткіш деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» арнаулы жобасына және өңірлерді дамытудың кешенді жоспарына қосылған жобалаларын қосылған ауылдарға басымдық беріледі», - деді Қайырбек Өскенбаев.