видео кадры
Апелляциялық сот Өскеменде қызды ұрды деп айыпталушыларға үкімді өзгеріссіз қалдырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Биыл наурызда Өскеменде болған оқиға үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Ойын-сауық орталығында кәмелетке толмаған қызды қатігездікпен ұрып-соққан видео Желіге сәуірде ғана шыққан еді.
Қыздың әжетханада қатыгездікпен соққыға жығылған сәтін сол жерде болған қыздардың бірі видеоға түсіріп алған. Деректі Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті растап, тексеру жүргізілгенін хабарлады, нәтижесінде ұрып-соғу дерегі ҚР ҚК-ның 293-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді.
Зардап шеккен қыз бұған дейін бірнеше рет соққыға жығылып, бопсалау құрбаны болғаны бірнеше айға созылған тергеу нәтижесінде анықталған. Қыздан видеоны желіге таратамыз деп қорқытып, бопсалау арқылы 50 мың теңге алған. Жәбірленушінің туыстары ҚР ҚК-нің 293-бабы, 2-бөлігі бойынша ғана іс қозғалуына қарсылықтарын білдірді.
"Неге білім басқармасы бопсалау, оған қоса ұрлық болғанын айтпайды? Біз істі "Бұзақылық" бабы бойынша ғана емес, сонымен қатар "Бопсалау" және "Ұрлық" баптары бойынша да жүргізуді талап етеміз. Біз қылмыскерлерді заң бойынша жазалау үшін істі сотқа жеткізгіміз келеді. Осы іс бойынша бір ғана қыздың анасы өткен айда қоңырау шалып, кешірім сұрады", – деді жәбірленушінің әпкесі Тоқжан Досымова.
Бұл іс бойынша сотталушы үш адам бар. Үкім шілдеде шықты.
"Сот істің мән-жайын және сотталушылардың жеке басын, жәбірленушілердің пікірін, құқыққа қайшы әрекеттердің сипатын, залалдың өтелмеуін ескере отырып, А. және Т. жазаны ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша бір жылға бас бостандығын шектеуді, ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 1, 2-тармақтары бойынша үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындады. Түпкілікті шешім жауаптыларды үш жылға бас бостандығынан айыру. О. - бір жыл бас бостандығын шектелді", - делінген сот хабарламасында.
Іс бойынша моральдық зиянды өтеу мақсатында жәбірленушінің пайдасына 9 миллион теңге сомасы тағайындалды.
Айта кетейік, сотталғандардың тарапынан ата-аналары апелляцияға өтініш беріп, 14 тамызда апелляциялық сот үкімді күшінде қалдыру туралы шешім шығарды.
"Сот апелляциялық шағымды мұқият зерттеп, сотталғандардың кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді", - деп түсіндірді облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот комиссиясының төрағасы Әділ Бакин.
Алайда, басқа да сұмдық мәліметтер бар. Жәбірленуші қыздың анасы сот процесіне қатысушылардың бірі кәмелетке толмаған баланы қорлау үшін камера орнатып, пәтер дайындалғанын айтқан.
Сондай-ақ, жәбірленушінің туыстары мен адвокатының айтуынша, жанжалдың басқа да, шамамен 11 қатысушысы жазадан сытылып шыққан. Қызға қорлық көрсетуде олардың да қатысы бар деген болжам бар. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар бар болғандықтан, жауапқа тартылмаған.