Өскеменде әйелді өрттен құтқарып қалған жігіттер марапатталады. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының ТЖД мәлімдеді - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
12 наурызда Протозанов көшесінде орналасқан үйдің тоғызыншы қабатындағы пәтерден өрт шыққан. ШҚО ТЖД өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келгенге дейін үш жігіт оқиға орнына жақын маңда болып, пәтерден шығып жатқан түтінді байқаған. Кейін балкон карнизінде әзер тұрған әйелді көрген.
"Берік Сағымбаев, Дарын Жәнібеков, Бектемір Әлібеков ойланбастан көмекке келді. Кіреберіске жүгіріп келіп, өрт шыққан пәтердің төменіндегі көрші пәтерге көтерілген. Кейін балконға шығып, Берік Сағымбаев әйелді шығарып алған. Оған достары Дарын және Бектемір көмектескен. Медициналық колледжде оқып жүрген Дарын қорыққан әйелге алғашқы көмек көрсеткен. Содан кейін олар пәтерлерді аралап, тұрғындарға өрт туралы хабарлаған. Барлығы қауіпті нысаннан тез арада шығып үлгерген", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.