Фото: ашық дереккөз
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті “Таза Өскемен” коммуналдық кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу дерегінше, күдіктілер қатарында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар.
Олар 2022–2023 жылдары лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып, қаланың көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар компаниялардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған.
Қылмыстық схеманың мәні – битум, құм және арнайы техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеу, сондай-ақ бұрын орнатылған 23 аялдама павильонын “қайта жасау” үшін жалған есеп беруде болған.
Алынған қаражат кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлініп отырған.
Келтірілген залалдың жалпы сомасы – 120 млн теңгеден асты.
Тергеу барысында күдіктілердің заңсыз табысына сатып алынған “BMW X6M”, “Subaru Forester” автокөліктері, пәтерлер мен жер учаскелеріне сот санкциясымен тыйым салынды.
Кәсіпорынның бұрынғы директоры екі айға қамауға алынды.
Тергеу жалғасып жатыр.
