28 қаң, 2017 сағат 11:19

Өскеменде халықты уақытша тіркеуге қатысты мораторий енгізу ұсынылды

- Шығыс Қазақстан облысында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері уақытша тіркеуге қатысты барлық даулы мәселелер шешімін таппайынша, заңнамалық нормалар қолданысқа енбеуі тиіс деп сендіреді, деп хабарлайды YK-news.kz тілшісі.

Жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес, егер кез келген адам он күннен астам уақыт пәтер жалдайтын болса, сол пәтерге уақытша тіркелуі тиіс. Сонымен қатар, туыстарының немесе достарының үйіне отыз күннен астам уақыт қонақ болса да тіркелуі қажет. Жаңа тәртіп халық арасында қызу талқыға салынып, ХҚКО-ларда кезек тудырды.

Көші-қон полициясының қызметкерлері бұл мәселелерді тұрғындармен кездесу барысында талқылады. Сөйлесу барысында азаматтардың көптеген сұрақтары жауапсыз қалды. Себебі, республикамызда уақытша тіркеудің тәртібін толығымен реттейтін ережелер, бұйрықтар мен басқа да құжаттар әзірге жоқ.

Мысалы, егер адам өзінің саяжайында жарты жыл тұрғысы келсе, оның тіркелу керектігі белгісіз. Егер адам шалғайда орналасқан ауылға қонаққа барса, тіркелу үшін аудан орталығына баруы керек пе?

«Жаңа ереже еліміздің көптеген заңдары мен кодекстеріне түсініспеушілік алып келді, - деп мәлімдеді «Бірге» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лидия Ситникова. - Парламентке, ІІМ-ге уақытша тіркеу нормаларына қатысты мораторий жариялауды сұрап, хат жолдау қажет».