14 сәу, 2023 сағат 13:38

Өскемен түрмесінде қарсылық көрсеткен сотталғандарды тоқтату үшін оқ атылды

Иллюстрациялық фото: ©Тұрар Қазанғапов, Tengrinews.kz

Өскемен қаласында түрмеге лақтырылған тыйым салынған затты алмақ болған сотталғандар сақшыларға қарсылық көрсетті. Мекеме қызметкерлері ауаға бірнеше рет оқ атуға мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 14 сәуірге қараған түні сағат 00.21-шамасында Өскемендегі №16 түзету мекемесінің бекеттерінің бірінде болған.

«Белгісіз біреу қоршаудың арғы жағынан түрме аумағына тыйым салынған заттарды лақтырып жіберген. Оралған зат бақылау күзетіндегі тыйым салынған аймаққа түсті. Сол сәтте 3 сотталған адам жүгіріп келіп, затты алып кетпек болғанда оқиға орнына 6699 әскери бөлімінің екі бақылаушысы жедел жетіп, сотталғандарды ұстай бастады. Алайда олар бақылаушыларға қарсылық көрсеткен. Жағдай ушығып бара жатқанын жоғарыда байқап тұрған сақшы дереу «Тоқта, артқа шегін, атамын!» деп айғайлап, автоматты сақтандырғыштан алып, жоғарыға ескерту оғын атты», - дейді баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді.

Осы кезде бақылаушылардың бірі оралған затты тыйым салынған аймақтан негізгі қоршау жаққа қарай лақтырып жіберген.

«Сол кезде сотталғандардың бірі оны алу үшін негізгі қоршау аймағына қарай ұмтылған. Мұны сырттан бақылап тұрған сақшы айғайлап, аспанға ескерту оғын атады. Қарудың дыбысынан қорыққан сотталушы дереу артқа шегінген. Осы сәтте ішкі аумаққа жүгірген екі бірдей сотталған да дереу ұсталды», - дейді Амангелді.