21 жел, 2016 сағат 13:43

Орынсыз «талақ» – отбасы институтының басты қаупі

Қазақстан Республикасының Ата Заңына сәйкес неке мен отбасы мемлекеттің қорғауында болады. Отбасы институтының тұрақты дамуы үшін елімізде бірқатар әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Дегенмен статистикалық деректерге сәйкес соңғы үш жылда Қазақстандағы неке қию көрсеткіші төмендеп, ажырасу көрсеткіші артып келеді. 2015 жылдың алғашқы ширегіндегі ажырасу оқиғалары алдыңғы жыл көрсеткіштеріне қарағанда 3,4%-ға көбейген. Ажырасудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,77 бұзылған некені құрады.

Қазіргі таңда еліміздегі отбасы институтына елеулі қауіп төндіретін мәселе – дәстүрлі емес дін өкілдері арасындағы неке мен талақ мәселесі. Бірқатар азаматтардың дін ұстанымдарын бұрмалап түсіндіретін дәстүрлі емес ағымдар ықпалына түсуі заңсыз үйленіп-ажырасу фактілерінің жиілеуіне соқтыруда.

Дәстүрлі емес ағым өкілдері өз некелерін АХАЖ бөлімшесінде тіркетпейді. Олар көбіне ата-анасының келісімінсіз, тіпті тиісті куәгерлерсіз некесін қидырады. Некесі заңды түрде тіркелмегендіктен ер адамдар оған жауапсыз қарап, болмашы себептермен талақ айтып ажырасып жатады. Әйелінің алдында ешбір жауапкершілікті мойнына алмай, оны қараусыз қалдырады. Дәстүрлі емес ағымдағы қыз-келіншектер арасында  бірнеше рет тұрмысқа шығып, күйеулерінен «талақ» алып, балаларымен баспанасыз, қамқорлықсыз қалу жағдайлары жиі кездесуде.

Дәстүрлі емес ағым өкілдерінің бұл әрекеттері зайырлы мемлекет заңнамасына да, ислам шариғатына да қайшы әрекет болып табылады. Бұл көріністер негізінен дәстүрлі емес исламдық ағымдардың деструктивті идеологиясын ұстанушылар арасында орын алуда.

Дәстүрлі ислам шариғатында некенің бекітілген алты шарты бар:

1. Неке сөзі, яғни тұрмыс құрғалы жатқан ер мен әйел үйленбек ниеттерін сөз жүзінде білдіруі керек.

2. Үйленетін ер мен әйелдің ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына толған болуы керек.

3. Үйленетін ер мен әйел арасында арасында шариғат бойынша некелесуге тыйым салынған жақын туыстық немесе уақытша кедергі болмауы тиіс.

4. Неке қиярда мұсылман, ақыл-есі дұрыс, кәмелетке толған екі ер немесе екі әйел және бір ер кісі куәгер болуы керек.

5. Ханафи мәзһабы бойынша жігіт қыздың тегіне, діні мен тақуалығына сай келетін мәһрін (қалыңмал) беріп, болашақта асырап-баға алатын болғаны жөн.

6. Тұрмысқа шығатын қызға болашақ жары мәһр (сұраған сыйлығы, қазақша – «қалыңмал») беруі керек.

Аталған шарттар жұбайлардың, әсіресе ер азаматтың отбасы алдындағы міндеткерлігін белгілейді. Ислам шариғаты бойынша ер адам әйелі мен отбасы мүшелерін асырап-бағуға, балаларының дұрыс білім мен жақсы тәрбие алуын қамтамасыз етуге міндетті.

Мұсылман азаматтардың отбасы алдындағы жауапкершілігін күшейту мақсатында қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты  мешіттерде АХАЖ бөлімшесінде ресми тіркелгеннен кейін ғана азаматтарға діни жоралғымен неке қиылады.

Ислам діні себепсіз ажырасуды құптамайды. Ерлі-зайыптылар үшін ажырасу амалсыз баратын ең соңғы қадам болуы тиіс. Мұхаммед пайғамбар хадисінде: «Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы – талақ» делінген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша талақ мына жағдайларда жүзеге асырылады:

1. Күйеуі белсіздік, СПИД секілді айықпас қатерлі дертке шалдыққанда;

2. Ері әйелін асырай алмаған жағдайда;

3. Күйеуі отбасын себепсіз ұзақ мерзімге тастап кеткен жағдайда;

4. Ері әйелін ұдайы денесіне із қалдыратындай ұрып-соғатын болса;

5. Ері төрт ай немесе одан да көп уақыт әйеліне жақындамауға ант ішіп, сол уақыт аралығында мүлде жақындамайтын болса;

6. Ері әйелін «зина жасады» деп немесе «мынау менің балам емес» деп айыптап, іс қазидың құзырында қаралып, қази бір-біріне лағынет айтқызғанда;

7. Ері әйелін қараусыз қалдырып, әйеліне талақ берместен себепсіз ұзақ уақыт әурелесе.

Шариғат бойынша ажырасуға мәжбүр ететін жағдайлар туындағанның өзінде ер азаматтың бұрынғы жұбайы алдындағы кейбір міндеткерліктері сақталады. Ер адам перзенті кәмелеттік жасқа толғанға дейін ажырасқан әйелі мен баласының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, қамқорлық көрсетуге міндетті.

Дәстүрлі емес исламдық ағымдардың ұстанушылары арасында өз әйелін талақ етіп, ағымдас бауырына сыйға тарту әдеті бар. Бұл шариғат заңдарына да, исламның моральдық қағидаттарына да қайшы құбылыс. Талақ мәселесіне жеңіл қарайтын олар тіпті әйеліне ұялы телефонмен «талақ» сөзі жазылған хабарлама жіберіп ажырасуды да әдетке айналдыруда. 

Мұндай көріністердің жиі орын алуына әйелдердің діни және құқықтық сауатының төмендігі де өз әсерін тигізіп отыр. Некелері мемлекеттік АХАЖ органдарында тіркелмеген әйелдердің және олардың балаларының құқығы мемлекет қорғауынан тыс қалып қоюда.

Сондықтан қазіргі таңда орта және жоғары білім беру мекемелерінде, жастар пайдаланатын ақпарат көздерінде, мешіттерде жастарға неке және отбасына қатысты заңнамаларды, дәстүрлі діни танымды, ұлттық отбасылық құндылықтарды түсіндіру шараларын кең көлемде ұйымдастыру қажет. Отбасын асырап-сақтау және ұрпағына жақсы тәлім-тәрбие беру әрі азаматтық міндет, әрі мұсылмандық парыз екенін өскелең буынға жете түсіндіру маңызды.

Ұлт порталы