26 шіл, 2016 сағат 17:30

Орынборда қазақ тіліне деген сұраныс қайта артып келеді

Қазақтың алғашқы астанасы Орынбор қаласында қазақ тіліне деген сұраныс қайта артып келеді. Ана тілімізді тек жергілікті қазақтар ғана емес, сондай-ақ, орынборлық орыс жастары да меңгеріп жатыр. Бұл туралы Informburo.kz порталы мәлімдеді.

29 жастағы Анастасия Полкунованың ұлты орыс. Оның қазақ тіліне деген қызығушылығы біраз уақыт бұрын оянған. Алайда, оны үйренуге жарты жылдан бері бел шеше кірісіпті. Настяның ата-анасы бұрын Қазақстанда тұрып, сексенінші жылдардың ортасында Орынборға көшіп кеткен екен. Анастасия қазіргі Ресей қаласында туылған.

"Біз үйде үнемі шайға сүт қатып ішетін едік, дастарханнан талқан үзілмейтін. Тек нан жаппадық. Оның үстіне, ата-анам қазақша сөздерді жиі қолданатын. Қызығушылығым сол ерте кезден басталған, қазір үйреніп жүрмін. Қазақ тілінде бірнеше өлеңді жатқа білемін. Анам қазақ тілін үйреніп жүргенімді білгенде, "оны қайтесің?" деп сұрады. Мен жай қызыққанымды айттым. Міне, қазір топ болып "Келинка Сабина" фильмін көріп біттік. Алдымен қазақша сөздердің айтылуы қиын болып көрінген, кейін өзіміз сөйлем құрай бастадық", - дейді Анастасия Полкунова.

Ал, Василий Демеуоф болса қазақ тілін өзге мақсатта үйреніп жүр.

"Тіл үйренуге мені қайғылы жайт итермеледі, нақтысын айтсам - әкемнің өлімі. Оны мәңгі есімде сақтау үшін тіл үйренуім керек болды. Осылайша, әкем маған жақынырақ бола түсетіндей. Оның үстіне, қазір тіл курсында өте жақсы адамдармен таныстым, сондықтан, қазақ тіліне уақытымды арнағаныма еш өкінбеймін", - дейді Василий.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, тіл үйренуге тек жастар ғана емес, жастары 60-тан асқан үлкен кісілер де келеді екен. Олардың ана тілін үйренуге деген құштарлығы зор. Қартайғанда немерелеріне "Колобок" туралы ертегіні емес, қазақтың ұлттық ертегілерін айтқысы келетін болар дейді тіл үйретуші мамандар.

Қазақ тіліне деген сұраныс күрт өскеннен соң Орынбордағы қазақ диаспорасы көрші жатқан Ақтөбе облысының басшыларынан көмек сұрапты. Ақтөбелік билік өкілдері де мұны қуана қарсы алып, Орынборға мамандар жіберген. 21 мамырда сол мамандардың қатысуымен үлкен семинар болып өтті.

«Skifnews.kz»