сурет ашық дереккөзден алынды
Абай облысында өрттен зардап шеккен отбасылардың балаларына Өскемендегі университеттен 10 грант бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алапат өрттің салдарынан зардап шеккен Абай облысының тұрғындарына еліміздің түкпір-түкпіріндегі жұрт жан-жақтан көмек көрсетуде. Оның ішінде Шығыс Қазақстан халқы да көрші өңірге керек-жарақтарды жіберіп, қаржылай қолдау білдіруде. Осы ретте, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да қалыс қалмады.
ЖОО қызыл жалын кесірінен қиын жағдайға тап болған жанұяларға материалдық көмек көрсетпек. Университеттің еңбек ұжымы өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығының 14 қызметкеріне және азық-түліксіз, құжатсыз, қаражатсыз қалған жүздеген адамға бір күндік жалақыларын аударады.
«Көрші Абай облысындағы өрт – елімізге түскен ауыр салмақ. Жалпыұлттық аза. Мұндайда әр азамат шетте қалмауы тиіс деп есептейміз. Ғылыми кеңес зардап шеккен отбасылардың балаларына 10 грант беру туралы шешім қабылдады. Университет ұжымы марқұмдардың жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады», - дейді университет ректоры Мұхтар Төлеген.