06 там, 2019 сағат 20:22

Өрттен мерт болған азаматтардың артында 10 бала жетім қалды - Алматы облысы

Алматы облысының Панфилов ауданында дала өртін өшірмек болып, жан тапсырған Қанат Үсенбеков пен Еркінбек Оспановтың артында 10 баласы жетім, жарлары жесір қалды. Екі ер азаматтың да бес баласы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қанат Үсенбеков Панфилов аудандық әкімдігінде көлік жүргізуші болып жұмыс істеген. Қайғылы жағдай болған сәтте ол еңбек демалысында жүрген. Әкесінің айтуынша, Қанат өртті өшіруге ерікті болып барған.

«Бізде мешіт салып жатыр. Мешіт салғанда мешітке зал салғанбыз. Тапқан ақшамызды сол залға көмек береміз деп барған болатын. Олар жеке ақша табамыз, жеке ақша аламыз деп барған жоқ», - деді Марқұм Қанат Үсенбековтің әкесі Арып Үсенбеков.

Дала өртін өшіріп, тапқан ақшасын мешіттің құрылысына қосуға ниеттенген 35 жастағы Қанат қызыл жалынның ортасында жан тапсырды. Марқұмның артында бес бірдей баласы, жары қалды. Үлкені 12 де болса, кішісі бірге енді келеді екен. Марқұм күні кеше ғана кенжесінің тойына дайындалып, қойын да алып қойыпты. Бірақ ол қой тойға бұйырмады деп туыстары егіліп жылауда.

«Үш қой алып, қызының бір жас тойын жасаймын деген бала ғой. Қалайша дайындықсыз, ешқандай өртке қарсы тұра алмайтын, ешқандай инструциядан өтпеген балаларды қалайша ол жаққа жіберіп қояды. Үкімет тарапынан айту керек қой, сендер дайын емессіңдер, қалай барасыңдар деп айту керек қой», - деп күйінеді марқұм Қанат Үсенбековтың туысы Толқын Құсайынова.

Қаза болған жандардың бірі Лесновка ауылының 51 жастағы тұрғыны Айтқазы Немельтаев. Әкімдіктің мәліметінше, марқұм отбасын құрмаған, жұмыссыз. Ал орманшы болып жұмыс істеген 32 жастағы Еркінбек Оспановтың да артында бес баласы, жары қалды.

Естеріңізге сала кетейік, 5 тамыр күні Панфилов ауданында дала өртін өшіремін деп қаза тапқан үш адамның екеуі бүгін жер қойнына тапсырылды. Бұған дейін, өрттен үш адамның қаза тауып, 7 адамның зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз. Алматы облысы әкімінің баспасөз Ғалымұрат Жүкелдің мәліметінше, марқұм болған үш азамат мемлекеттік наградаға ұсынылады.