15 мау, 2023 сағат 16:55

Өрттен қаза тапқандардың отбасына Семейден пәтер берілді

Фото: Абай облысы әкімдігі

Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіле бастады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әкімдік мәліметінше, әр отбасы 7 миллион теңге, сондай-ақ қосымша әр балаға 2 миллион теңге төленеді. Көмекке асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы, біржолғы әлеуметтік төлем, сондай-ақ жайластырылған тұрғын үй беру кіреді. Сонымен қатар қайтыс болғандар мен олардың отбасыларының несие жүктемесіне ықтимал есептен шығару үшін талдау жасалады.


Бүгін өрт салдарынан қаза тапқан 14 адамның отбасына, сондай-ақ тракторшы С.Н. Архиповтың отбасына Семей қаласы Қарағайлы шағын ауданындағы жаңа пәтерлердің кілті табысталды.

Абай облысының әкімі қайтыс болған Саят Нұржігітов пен Амангелді Дүйсембаевтың отбасыларына 2 және 3 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.


"Өртте зардап шеккендердің отбасыларын қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда. Бүгін біз тапсыратын жаңа пәтерлер барлық қажетті жиһаздармен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Біз қосымша көмек көрсетуді жалғастырамыз", - деді Ұранхаев.

Қаза тапқан азаматтардың туыстары мемлекет тарапынан көрсетілген көмек пен қолдау үшін ризашылықтарын білдірді.