8 ақпанға қараған түні полиция жанжал болған аумақты қоршап, ол жаққа ешкімді өткізбеді.
Таңертең Масанчи ауылына зорға жеткен Азаттық тілшілері ауылда өртенген үйлердің көп екенін көрді: дәмхана, дүкен, көлік жуатын орын. Кейбір ғимараттың төбесі де жоқ.
Тұрғындардың айтуынша, орталық жақта өртенген үйлер мұнан да көп. Ауыл ішінде түтінге қақаласың.
Мұнда полиция қызметкерлері, төтенше жағдай департамент мамандары, өрт сөндірушілер жүрді.
Тұрғындардың айтуынша, Масанчиден бөлек Қаракемер ауылында да өрт болған.
8 ақпанда таңертең мәлімдеме жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанжал кезінде адам шығыны болғанын айтты. Оқиға себептерін анықтау үшін үкімет комиссиясы құрылған.
Қордай аудандық орталық ауруханасы дәрігерлерінің сөзіне сүйенген Vlast.kz сайтының жазуынша, жанжалдан көп адам зардап шеккен. Дәрігерлер олардың санын айтпаған.
СЕНБІГЕ ҚАРАҒАН ТҮН
Азаттық тілшілерінің айтуынша, Батыс Қытай - Батыс Еуропа автобанынан Қордайға бұрылғаннан кейін ауылға апаратын жолда таңғы 4 шамасында 40-50-ге жуық адам жиналып, Масанчи ауылына өтпек болды. Олардың басым бөлігі жастар, араларында ересектер де болған. Олардың ашулы екені байқалды. Бірақ оларды арнайы жасақ жібермеді. Кейіннен олар үйлеріне қайтты. Қарасу кеденінен өткеннен кейін тілшілер жанжал болған ауылға апаратын жолды бетперде киген, қалқандары бар омон жауып тастағанын да көрген.
WhatsАpp мессенжерінде "Қордайда түсірілген видеолар" деп тараған кадрларда өртенген ғимарат, жарығы сынған көліктер, полиция көліктері байқалады.
Жамбыл облыстық полиция департаменті жұртты "тек ресми ақпаратқа сенуге, желіде тараған ақпараттарға сенбеуге шақырып, жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылатынын" ескертті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған тұрғындар арасындағы жанжалға қатысты Twitter желісінде пікір білдіріп, “төбелесті арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған” деді.