Жаңажол кен орнындағы мұнай қалдығына арналған резервуар өртеніп, экологтар жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Жаңажол мұнай-газ өңдеу кешенінде резервуар өртенді. Оқиға 8 қаңтар күні сағат 18:20-да тіркелген. Өрт арада 4 сағат өткенде сөндірілді. Осы оқиғадан кейін Ақтөбе облыстық экология департаменті топырақ пен ағынды судың сынамасын алды.
«Қоршаған ортаны, топырақты мұнай өнімдерімен ластанғаны үшін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің «Қоршаған ортаны қорғау жөнiндегiсанитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзу», «Экологиялық рұқсатта көрсетілген табиғат пайдалану шарттарын орындамау», «Жердi бүлдiру» баптары бойынша 1,7 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар қоршаған ортаға экономикалық шығын келтіргені үшін 1,4 миллион теңге төлеу туралы ұйғарым берілді. Екеуі де толық өндірілді», - деді облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат Қожықов.