Фото: Орталық сайлау комиссиясы
Орталық сайлау комиссиясы сайланған депутаттарды ресми түрде тіркеді. Бүгін оларға Мәжілістің куәлігі мен төсбелгісі тапсырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
"Сайлау туралы" конституциялық заңға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы сайланған депутаттарды жеті күннің ішінде тіркеуге тиіс. Комиссия мүшелері партиялар ұсынған тізімдерді бірауыздан мақұлдап, арнайы қаулыны қабылдады.
Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, сайланған депутаттардың өкілеттілігі бүгін заңды түрде басталады.
"Орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен кейін сіздердің Мәжіліс депутаты ретінде өкілеттіктеріңіз басталады. Осы сәттен бастап сіздер еліміздің жоғары өкілдік органы – Мәжіліс депутаты болып саналасыз. Халық қалаулысы болуыңызбен құттықтаймын. Сіздерді көппартиялы жағдайда Парламентте заң шығару жұмысы күтіп тұр", - деді Әбдіров.
Айта кетері, Парламент Мәжілісі 98 депутаттан тұрады. Сайлаудың нәтижесі бойынша партиялық тізіммен алты партияның өкілдері өтті. Оларға барлығы 69 мандат берілді. Қалған 29 орын бірмандатпен сайланған депутаттар арасында таратылды.