Фото: Gosaudit.kz
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекет саясатының тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды Ult.kz, Курсив медиаға сілтеме жасап.
Әлихан Смайылов экономиканың көлеңкелі секторы елдің дамуына теріс әсер ететінін мәлімдеді. Шағын және орта бизнестің өсуіне кедергі келтіріп, адал бәсекелестік деңгейін төмендететінін, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді азайтатынын айтты.
Смайыловтың сөзінше, Қазақстан жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономиканың үлесін 15%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр. 2017 жылы бұл көрсеткіш 28,8% болса, 2023 жылы 17,5%-ға дейін төмендеген.
Дегенмен жүргізілген аудит нәтижелері осы бағыттағы мемлекет саясаты шараларының тиімділігін тежейтін бірқатар елеулі кемшіліктер бар екенін көрсеткен.
«Мәселен, бүгінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл саласында бірыңғай саясатты қалыптастыруға және басқа ведомстволардың іс-қимылын үйлестіруге жауапты мемлекеттік орган жоқ. Бұл функциялар бастапқыда Қаржылық мониторинг агенттігіне бекітілген, алайда кейіннен олар ҚМА-ның ережесінен алып тасталды», – дейді Әлихан Смайылов.
Осындай факторлар салдарынан жасырын айналым көлемі жоғары. Мәселен, мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша Орталық Азияның үш елінің азаматы Қазақстанда үш жыл ішінде 136 млрд теңге табыс тапқан. Алайда Ұлттық Банктің ақпараты бойынша осы уақыт ішінде олар өз елдеріне жалпы 1 трлн теңге аударған. Яғни бұл тұста «көлеңкелі» тауарлар мен көрсетілетін қызметтер болу ықтималдығы жоғары болып тұр.
Аудит нәтижелері бойынша барлығы 74 млрд теңге сомасына бюджеттің кіріс бөлігі бойынша жанама шығындар, 18 рәсімдік бұзушылық, 23 жүйелі кемшілік анықталған.