18 қар, 2021 сағат 18:33

Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы Қазақстанға тиесілі – Тоқаев


Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы Қазақстанға тиесілі. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жақында бауырлас елдермен бірлесіп, Түркі кеңесін толыққанды ұйымға айналдырдық. Осылайша, түркі тілдес мемлекеттер ынтымағының жаңа кезеңі басталды. 

Қазақстан алып құрлықтың дәл ортасында тұр. Бұл – географиялық тұрғыдан тиімді. Біздің төңірегімізде бейбітшілік белдеуі қалыптасты. Ел ішіндегі ахуал тұрақты. Сыртқы экономикалық қарым-қатынасқа барынша ашықпыз. Мұның бәрі – инвесторлар үшін өте қолайлы жағдай.

Бүгінде Орталық Азиядағы шетел инвестициясының 75 пайызы Қазақстанға тиесілі. Соның арқасында еліміз өңірдегі экономикалық көшбасшыға айналды.

Үкіметтің және дипломаттардың алдында тұрған аса маңызды міндет – аймақтың көшбасшылық рөлін одан әрі нығайту. Осы жұмыстың қарқынын бәсеңдетуге болмайды.

Бүкіл әлемді пандемия жайлағанына екі жылға жуықтады. Оның салдары Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Біздің дипломатиялық корпус осы күрделі кезеңде жоғары деңгейде қызмет етті. Шетелдегі мыңдаған азаматымызға көмек көрсетті. Сыртта қалып қойған отандастарымызды елге алып келу үшін тиісті жұмыс атқарды.

Дипломаттарымыздың арқасында Қазақстанға гуманитарлық көмек жеткізілді. Біз де бірқатар мемлекеттерге қолдау көрсеттік.

«Вакциналық дипломатияның» арқасында Орталық Азиядағы індетке байланысты ахуалды тұрақтандыруға үлес қостық. Түрлі қиындыққа қарамастан, Сіздер алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді орындап келесіздер», - деді Мемлекет басшысы.