Орталық Азия және Кавказдың жеті елінен келген 20-дан астам мемлекеттік қызметшіден тұратын делегация мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтерді табысты цифрлық трансформациялау үшін озық тәжірибелер, саясат және технологияларды зерделеу мақсатында Корея үкіметі қаржыландыратын жоба аясында Кореяның мамандандырылған мемлекеттік органдарында болды.
Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS) Цифрлық үкімет министрінің орынбасары Сух Борам, іс-шараны аша отырып, Корея Үкіметі 2021 жылдан бастап БҰҰДБ және Хабпен ынтымақтастықта Орталық Азия және Кавказ елдерімен цифрлық мемлекетті басқару және мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы озық кейстермен бірлескен жоба арқылы белсенді түрде бөлісіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Сух мырза Хаб және оның қатысушы елдердің мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы инновациялар мен цифрландыру саласындағы әлеуетті арттырудағы белсенді күш-жігерлерін жоғары бағалады.
Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігінің (NIA) Президенті Джонг-Сунг Хван сандық үкіметті трансформациялау, әсіресе мемлекеттік секторды деректер негізіндегі басқаруға көшіру және мемлекеттік цифрлық платформа құру бойынша ынтымақтастық пен озық тәжірибелер және әдіс-тәсілдермен алмасудың маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ NIA-ның БҰҰДБ және Хабпен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін мәлімдеді.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер көрсету комитеті төрағасының орынбасары Айнұр Юсупова мен Астана мемлекеттік қызмет хабы жоба менеджері Бақыт Жексембай өз сөздерінде тиімді шешімдер әзірлеп, негізделген шешімдер қабылдауда жетекші ел – Корея Республикасы Үкіметінің, сондай-ақ аймақ елдерінің озық тәжірибесін зерделеп, олардан сабақ алуда осы жобаның айрықша маңыздылығын атап өтті.
Үш күндік іс-шара бағдарламасы ауқымында «Кореяның цифрлық трансформация тәжірибесі» тақырыбында семинар өтіп, Сеул, Седжон, Панге, Тэджог и Инчхон қалаларындағы мемлекеттік органдарға оқу сапары ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметкерлер мен практиктер цифрлық проактивті мемлекеттік қызметтер, цифрлық сәйкестендіру жүйелері, деректерді басқару және талдау әдістері, цифрлық үкімет платформасына көшу стратегиясы, сондай-ақ смарт қалалар үшін инновациялық шешімдер саласындағы табыстарды зерттеуге бірегей мүмкіндік алды. Қатысушылар сондай-ақ өз елдерінің тәжірибелері, жетістіктері мен инновацияларымен таныстырып, ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Бұл іс-шара Астана мемлекеттік қызмет хабы, БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS) және Ұлттық ақпарат қоғамы агенттігінің (NIA) Корея үкіметі қаржыландыратын бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бірлескен жоба Орталық Азияның жеті елінде (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) және Кавказ (Әзірбайжан, Армения, Грузия) мемлекеттерінің мемлекеттік басқару жүйесіндегі инновацияларды енгізуге және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысатын мемлекеттік қызметшілер мен практиктердің әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоба үш жылға есептелген (2021-2023 жж.) және зерттеу, семинарлар, конференциялар, сонымен қатар Корея Республикасына оқу сапарларынан тұрады.