Солтүстік Қазақстан облысының Ғ.Мүсірепов ауданында демалыста жүрген өрт сөндіруші Ілияс Бахманов отқа оранған үйден екі адамды алып шығып, өлімнен аман алып қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 5 ақпан түнгі сағат 2.00 шамасында Новоишимка елді мекенінде болған. Ғ.Мүсірепов аудандық №16 өрт бөлімі бастығының орынбасары, 26 жастағы Ілияс Бахманов келе жатып, Энгельс көшесіндегі 8 үйдің жанып жатқанын байқайды. Тұрғын үйдің шатырын жайлаған жалын, қора-жайға ауыса бастаған.
«Бірден үйге жүгірдім. Есікті ашылмады, ішінен жабылыпты. «Яғни, үйде адамдар бар, оларға тез көмектесу керек» деген ой келді. Өртке қарсы қызметтің жауынгерлік жарғысына сай бірден кезекші бөлімге хабар бердім де, кіреберістің терезесін сындырып, ішке кірдім. Қою түтіннің арасынан ұйықтап жатқан әйелді таптым. Оятып, таза ауаға алып шықтым», - дейді Ільяс өткен түнді еске алып.
Далада есін жиған 63 жастағы әйел үйде 68 жастағы күйеуінің қалғанын айтқан.
«Бәрі санаулы минутта болғанымен, маған ұзақ уақыт өткендей көрінді. Жалын күшейе түскендіктен үйге кіруге сескенгенімді жасырмаймын, бірақ, іштегі адамды алып шығуға бел будым. Түтіннен дым көрінбейді. Түртінектеп жүріп, түкпір бөлмелердің бірінен ес-түссіз жатқан ер адамды тауып, арқалап алып шықтым. Алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметін шақырдым. Бұл уақытта әріптестерім де жетіп үлгерген еді», - дейді Ілияс.
Өрт сөндірушілер «Хлебная база №2» ЖШС көмегімен өртті дер кезінде ауыздықтады. Үйден 4 газ баллоны шығарылды. Жалыннан үйдің шатыры және жақын орналасқан қора-жай зақымданды. Үйдің іші мен дүние-мүлікке зақым келген жоқ.