19 қар, 2018 сағат 17:03

Ордабасы ауданы 2021 жылы ауызсумен толық қамтылмақ

Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданының халқы 3 жыл ішінде 100 пайызға ауызсумен қамтылмақ, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі кезде аудан бойынша 40 елді мекенде тұратын 106 825 адам немесе жалпы тұрғындардың 90,6 пайызы құбырлы таза ауыз сумен қамтылған.

Аудандық бюджеттен 2018 жылға 30 елді мекенге ауыз су беру мақсатында су жүйелері мен ұңғымаларын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 175 млн. 961 мың теңге қаралып, қазіргі таңға 106 млн. 200 мың теңгесі игерілді.

Ауыз сумен қамтылмаған 17 елді мекен бойынша: 2 елді мекеннің (Арыстанды, Боралдай е/м) ауыз су жүйесінің құрылысына жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қаржы қарастырылды. Жусансай елді мекені ауыз су жүйесі құрылысына жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін салалық басқармаға тиісті құжаттары ұсынылды. Кемер, Ақсары, Нұра және Қызылсеңгір аулдарына ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізу жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Аққойлы, Сарытоғай және Қарабастау елді мекендеріне ауыз су жүйесі құрылысына сәулет жоспарлау тапсырмасы /АПЗ/ әзірленген. Аудандық бюджеттен ЖСҚ әзірлеуге қаржы қарастырылды. Қараспан ауылының ауыз су қорын зерттеуге ЖСҚ дайындалып, су қорын зерттеуге облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта су қоры зерттелуде. Қараспан ауыл округіне қарасты алты елді мекенге Бейсен, Сарыарық, Мақташы, Жұлдыз, Ынтымақ және Мәдениет бұрғылау жұмыстарына ЖСҚ әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, ЖСҚ әзірленуде.

2021 жылы ауданды 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту жоспарлануда.