Ораза ұстаған адамға вакцина алуға бола ма? Бұл сауалға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Екпе салдыруға болатын, болмайтыны оның құрамына байланысты. Екпенің құрамында қоректік зат болмау керек. Яғни денсаулық жағдайында ем үшін алатын вакцинаны алуға рұқсат. Демек вакцина салдыру Оразаны бұзбайды», - деп қысқа жауап қайтарды наиб мүфти Ершат қажы Оңғар Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, төраға орынбасары пітір садақа беруге қатысты пікір білдірді.
«Биыл пітір садақа 500 теңге болып белгіленді. Оның құны 2 келі ұнның нарықтағы бағасымен теңестірілді. Еліміздің барлық өңірлері бойынша ұнның бағасы сұралып, анықталды. Пітір садақа беруге келсек, оны Ораза басталған күннен бастап, 30 күннің ішінде өтеген жөн. Яғни айт мерекесіне дейін, Ораза күндері берген абзал», - дейді ол.