Батыс Қазақстан облысында шығатын "Уральская неделья" газетінің журналисі Лұқпан Ахмедьяров өзінің қылмыстық кодекстің 378-бабы ("Билік өкіліне тіл тигізу") бойынша соталды тергеуге тартылғанын хабарлады.
Ахмедьяровтың Азаттыққа айтуынша, 22 шілде, демалыс күні Оралдан қашыққа кеткен кезінде ұялы телефонына өзін полиция қызметкері Тұрманов деп таныстырған адам қоңырау соғып, журналистің бұрын жасаған әкімшілік құқық бұзу әрекеті бойынша хаттама толтыру үшін полицияға келіп кетуін сұраған.
- Оның сөзі түсініксіздеу болғандықтан, яғни ол менің қаладан жырақта екенімді түсінбегендіктен оған қаладан алыста екенімді және қазір бара алмайтынымды қайталауға мәжбүр болдым. Ал ол қалайда келуімді талап ете бастаған соң оған "кетші әрмен" деген сыңайда сөз айтып қойдым, - деді Ахмедьяров Азаттыққа.
Журналистің сөзінше, 9 тамызда өзінің үстінен арыз жазған Орал қалалық №8 полиция пункктінің учаскелік полицейі Әділ Тұрмановпен телефондағы әңгімесін аудио таспаға жазудың заңдылығын дәлелдеуді сұраған шағымына жауап беруге өзін полицияға шақырған. Ахмедьяров әзірге өзінің іс бойынша куәгер екенін айтады.
Полиция Лұқпан Ахмедьяров айтқан ақпаратты жоққа шығарып, я растамады. Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Гүламан Ысмағұлова телефон арқылы комментарий беруге уәде бергенімен, сол күйі байланыспады. Әділ Тұрмановтың жұмыс телефонына ешкім жауап бермеді.
Қылмыстық кодекс бойынша, "билік өкіліне тіл тигізгені" үшін 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылу немесе 45 әкімшілік қамауға алу жазасы кесіледі.
Лұқпан Ахмедьяров 2012 жылы қастандық жасалып, тірі қалған. Ахмедьяров пен оның адвокаттары қастандықты оның азаматтық белсенділігі мен кәсіби қызметімен байланыстырады. Ахмедьяровты бұған дейін күш құрылымдарының шенеуніктері бірнеше рет сотқа беріп, ірі көлемде айыппұл төлеуге мәжбүрлеген.
Санат Орын Әли, "Азаттық"