Оралда үш автомобильді ұрлаған 8 жасар Николай Керцман педагогтар қадағалайтын техникалық үйірмеге берілді, деп хабарлайды жергілікті «Мой город» порталы.
Екінші сынып оқушысы енді ұрлық жасамауға уәде берді.
Бала оқитын мектептің директоры мен сынып жетекшісінің айтуынша, Николай ауқатты отбасының баласы. Оның мұндай әрекетке баруына өзінен 4 жас үлкен Никита себеп болуы мүмкін.
«Никита маған машинаға мін деді. Бірақ өзі отырған жоқ. Мен машинаға мініп, айдап кеттім. Жаман іс істегенімді білемін, басқа бұлай етпеуге уәде беремін», - дейді Николай.
Отырыс қорытындылары бойынша, комиссия баланың ата-анасын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 127-бабына («Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы») сәйкес әкімшілік жауапқа тартуға ұйғарды. Осы жағдай ендігәрі қайталанса, ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін.
Ал Николайды жоғары сынып оқушыларымен жолықтырмауға шешім қабылданды. Бұдан бөлек, қалалық білім бөліміне баланы техникалық үйірмеге беру тапсырылды. Ол жерде Николай педагогтардың қадағалауында техниканың қыр-сырын үйрене алады.
Іс материалдарына қарағанда, Николай бір аптада үш автомобильді ұрлаған. 6 тамыз күні кешкісін «Сузуки» автомобилін ұрлап, жолда «Лада Грантаға» соқтығысып, тоқтаған. 9 тамызда Николай кезекті рет «аңға» шығып, «Тойота» маркалы автомобильді қолды етпек болған. Бірақ жолда көлікті көпірдің бағанасына соққан. Үшінші рет «Hyundai» жеңіл көлігін айдап кеткен. Бұл жолы да рульді басқара алмай, бетон тосқауылға барып соғылған.
Абырой болғанда, баланың ұрлығынан ешкім зардап шекпеген. Бірақ енді әкесі 1,4 миллион теңге мөлшерінде материалдық залалды төлеуге міндетті.
Бір айта кетерлігі, мектеп директорының айтуынша, Николай сабақты жақсы оқиды.