22 там, 2024 сағат 12:15

Оралдағы мұғалім өлімі: Сотталушы әйелді буындырып, мойнына пышақ сұғып өлтірген

Фото: Мой город

Бүгін, 21 тамызда, арнайы ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотта мұғалім Надежда Никитинаның өліміне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Мой Город" басылымына сілтеме жасап.

Айыпталушы — 41 жастағы Темір Сарсенов. Оған қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша айып тағылды: кісі өлтіру, ұрлық және қаруды заңсыз сақтау. Істі судья Асланбек Дюсенғалиев қарауда.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы 2020 жылы №9 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Надежда Никитинамен танысқан. Сол кезде ол оқу сыныбына компьютер орнатып жатқан. Кейін марқұм бірнеше рет оған оқу сыныбындағы және үйдегі техникалық ақауларды жөндеуге көмек сұрап жүгінген.

Осы жылдың 24 сәуірінде Никитина кезекті рет Сарсеновке көмек сұрап хабарласқан. Айыпталушы келіп, бірақ жұмысын аяқтамай, ертеңгі күнге уәде берген. 25 сәуірде Сарсенов Никитинаға өзінің ноутбугімен келіп, марқұмның жатын бөлмесінде компьютерді жөндеуге кіріскен. Сол кезде Никитина ас үйде оқушысымен қосымша сабақ өткізіп жатқан.

"Оқушыны шығарып салғаннан кейін, Никитина Сарсеновке жақындап, араларында жанжал шыққан. Сарсенов әйелді диванға құлатып, оның кофтасының жағасымен тұншықтырған. Кейін пышақпен марқұмның мойнына жарақат салған. Никитинаның өліміне механикалық асфиксия себеп болған", — деп прокурор айыптау актісін оқыды.


Айыпталушы бұдан кейін ізін жасыру үшін ұрлық жасауды шешкен. Ол пәтерден алтын бұйымдар, сөмке, әмиян, телефон және банк карталарын алып кеткен. Жалпы материалдық шығын 1,7 миллион теңгені құраған.

Айта кету керек, Сарсеновтің пәтерінен полиция бірнеше қару мен оқ-дәрілер тапқан, олардың сақтауға рұқсаты болмаған.

Темір Сарсенов алқа билердің қатысуымен сот өткізуден бас тартты. Негізгі сот талқылауы 27 тамызға белгіленді. Айтпақшы, сот залында айыпталушының суретке және бейнежазбаға түсіруге журналистерге тыйым салынды.