Блогер Айболат Бөкенов сотта. Орал, 27 қараша 2019 жыл.
27 желтоқсанда Орал қаласының әкімшілік соты блогер Айболат Бөкеновті бес күнге қамау туралы қаулы шығарды. Сот оны жергілікті "Пульс города" басылымының қызметкері Дана Дүйсекенованың "денсаулығына қасақана түрде зиян келтірді" деп таныды.
Дүйсекенованың арызындағы дерекке сәйкес, блогер Бөкенов 12 желтоқсанда полиция департаментінің брифинг кезінде оны камераға түсірмек болып, "жарақаттаған". Бұл брифинг Оралда полицей қызметкерлерінің қатысуымен болған жол апатына байланысты ұйымдастырылған. Дүйсекенова бұдан кейін Facebook-тағы парақшасында Бөкенов "қолын ұстап, сындырып жібере жаздағанын, содан кейін қолы қатты ауырып, көгеріп кеткенін" жазды.
Бөкенов соттан кейін сот қаулысымен келіспейтінін, шешімді апелляцияға беретінін айтты. Блогердің айтуынша, брифинг кезінде ол телефонын жұлып алған Дүйсекенованың жанына барған. Бөкеновтің сөзін сотта үш куәгер растады.
Бөкеновтің адвокаты Абзал Құспанның айтуынша, сотқа дейін оларға дауды медиация арқылы реттеу туралы ұсыныс түскен. Бірақ ол үшін блогер "әлеуметтік желіде пост жазбай, ақпарат құралдарына сұхбат бермейтініне кепілдік беруі керек" болған.
- Әуел баста Бөкеновке - 200 мың теңге көлемінде (520 мың доллардан астам), кейінірек 100 мың теңге төлеуді ұсынды. Бұдан бөлек, Бөкенов өзінің кінәлі екенін мойындап, өкініп, кешірім сұрауы да керек деп айтылды. Олар сонымен бірге Айболат Бөкенов әлеуметтік желілердегі жазбалары үшін және осы сот бойынша ақпарат құралдарында жарияланатын материалдар үшін де жауап беруі тиіс деді, - деді Абзал Құспан.
Сот процесі барысында Дана Дүйсекенова "өзін қудалағаны үшін" тағы бірнеше блогер мен журналистің үстінен сотқа арыз түсіретінін айтты. Ол Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты.
Блогер Айболат Бөкенов бірнеше апта бұрын полицейлердің қатысуымен болған жол апаты туралы ақпарат таратқан. Жол апаты болған орынды видеоға түсірген блогер ізінше "полиция қызметкеріне бағынбады" деп айыпталды. 5 желтоқсанда әкімшілік сот Бөкеновке ескерту жасады.