Оралға қарасты Зачаган кенті тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны үшінші күн қатарынан жанып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұргүл Мұқанованың айтуынша, полигонда қалдықтардың жанып жатқаны жөнінде хабар 27 мамыр күні таңғы сағат 06.10-да түскен болатын.
Сол күні өрт сөндіруге жеке құрамнан 4 адам, 2 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар «Жайық таза қала» ЖШС-дан 4 техника қатысты. Дегенмен 28 мамыр күні сағат 08.29-да полигонның қайта жанып жатқаны белгілі болды. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға жеке құрамнан 5 адам, 1 техника қатысып, өрт сағат 17.40-та сөндірілді.
«Полигон бүгін де жанып жатыр. Қазіргі кезде өрт сөндірушілер сонда жүр. Техникалар мен адамдардың саны нақтылануда. Жалпы, полигонда қалдықтардың жануы жыл сайын қайталанады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Н.Мұқанова.