30 қаң, 2023 сағат 11:25

Оралда сырғанақ тепкен 17 жастағы қыз ауыр жарақат алды

Фото: pixabay.com

Оралда 17 жастағы қыз жеке демалыс базасында сырғанау кезінде ауыр жарақат алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Мой город" басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, оқиға 28 қаңтарда Свистун тауы аймағындағы жекеменшік демалыс орталығында болған.

"29 қаңтарда сағат 01:34-те облыстық балалар ауруханасына 2005 жылы туған, кәмелетке толмаған қыз түсті. Ол 28 қаңтар сағат 22:00 шамасында Свистун тауында сырғанақ теуіп жүргенде тросқа соғылған. Жағдайы ауыр, іштің жабық жарақаты, бауырдың жыртылуы, оң жақтағы 5, 6, 7 қабырғалардың жабық сынуы секілді диагноз қойылды", - делінген хабарламада.

Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеліп, ҚР ҚК 306-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалған.

Ал, БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, оқиға «Саян» демалыс базасында болған.