31 нау, 2022 сағат 15:07

Оралда спорт мектебінің директоры қамауға алынды


Оралда мамандандырылған әкімшілік сот 42 жастағы Қанат Жанғалиевке қатысты үкім шығарды. Олимпиадалық резервтегі спорт мектеп-интернатының директоры көлікті мас күйде жүргізгені үшін ұсталған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

БҚО облыстық сотының баспасөз қызметі мәліметінше, 17 наурызда таңғы 05.00-тер шамасында спорт мектебінің директоры қызметтік көлікті мас күйде жүргізген. Сот-медициналық сараптамасы интоксикацияның орташа дәрежесін анықтаған. Қанат Жанғалиев өз кінәсін мойындады.

"Сот Қанат Жанғалиевті ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы "Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы" бойынша кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады", - деді сот өкілдері.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы Жанғалиев қазір еңбек демалысында екенін атап өтті. Ол олимпиадалық резервтегі спорт мектеп-интернатының директоры болып бір жылдан астам уақыт жұмыс істеген.