06 шіл, 2023 сағат 11:48

Оралда спорт клубы 50 допты 2,5 миллион теңгеге сатып алмақ болған

Фото: pixabay.com

Мемлекеттік сатып алу жоспарының мониторингі барысында тауарларды сатып алу бағасын көтеру фактілері анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.

Мысалы, демалыс орталығы жалпы сомасы 16 500 000 теңгеге 30 дана ноутбук сатып алуды жоспарлаған. Бұл ретте, осы тауардың медианалық бағасы 219 000 теңгені құрайды. Осылайша, кәсіпорын сатып алу сомасын екі есе арттырған.

Департамент ұсынысы бойынша демалыс орталығы мемлекеттік сатып алу жоспары тармағының бағасын қайта қарап, 9 930 000 теңге сомасына бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына жол берілмеген.

Жалпы сомасы 2,5 млн теңгеге 50 мың теңге бағамен 50 дана көлемінде доп сатып алуды жоспарлаған спорт клубының мемлекеттік сатып алуларын жоспарлау кезінде осындай баға көтеруге жол берілген. Бұл ретте, тауардың орташа бағасы 5 900 теңгені құраған.

Департамент ұсынысынан кейін спорт клубы тауардың сатып алу құнын қайта қарап, бюджеттің 2 050 000 теңгесін үнемдеген.

"Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу жоспарларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингі нәтижесінде тауарлардың сатып алу құны 1,9 миллиард теңгеге азайды" - делінген ведомство хабарламасында.