Фото: Pixabay.com
Батыс Қазақстан облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Бақытжамал Бекқожина мен №2 емхананың невропатолог дәрігері Римма Телбаева мүмкіндігі шектеулі адамдардан пара алғаны үшін ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы mgorod.kz сайтына сілтеме жасап.
Бекқожина мүгедектікті тағайындап, создыру үшін 20 және 100 мың теңге аралығында пара алып отырған. Ол Шейерман-Мау, Паркинсон дертіне, омыртқа жотасының остеохондрозына шалдыққан, ми тамырлары зақымданған, туылғалы гидроцефалияға шалдығып, ми талмасына ұшыраған адамдардан түрлі көлемде пара алған.
Жалпы есебі 12 эпизод қарастырылып, алған пара көлемі 1 миллион теңгеге жетті. Ал дәрігер Римма Телбаева делдал рөлінде болған.
Сотта Бекқожина өз кінәсін толық мойындаса, Телбаева куәгерлердің үшеуі өзінің пациенттері екенін, мүгедектік алуға көмектесуді өтінгенін айтты.
Сот шешімі бойынша Бақытжамал Бекқожина бір миллион теңге парасын алпыс есе мөлшерде қайтарып, 60 миллион теңгені мемлекетке қайтаруға міндеттелді. Ол мемлекеттік қызметінен өмір бойы шеттетілді.