19 қар, 2019 сағат 13:36

Оралда полиция жол-көлік оқиғасын видеоға түсірген блогерді не үшін ұстағанын түсіндірді

Оралда жол-көлік оқиғасын видеоға түсірген блогер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айболат Бөкеновтің айтуынша, кеше Жәңгір хан көшесі мен Е.Брусиловский көшелері қиылысында болған жол-көлік оқиғасын видеоға түсірген.

Оның сөзіне қарағанда, «полиция автокөлігі қызды қағып кетті» деген хабар келгеннен оқиға орнына жеткен.

«Осыған байланысты департамент бастығы Мақсұтхан Аблазимовтан пікір сұрап едім. Ол видеоға түсірме деп, смартфонымды тартып алып, «видеоны жойыңдар» деп қасындағы қызметкерге берді. Сосын «ұстап, тексеріңдер» деді. Содан кейін наркологиялық диспансерге апарды. Онда жеңіл дәрежеде ішімдік ішкен деген қағаз берді. Сыра ішкенім рас. Содан кейін Зачаган полиция бөлімінде үш сағат ұстап, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 667-бабына сәйкес (полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін) әкімшілік хаттама толтырды. Кейін телефонымды алдым», дейді А.Бөкенов.

Осы оқиғаға байланысты БҚО полиция департаменті өз пікір-пайымын білдірді.

Департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеге қарағанда, А.Бөкенов оқиға орнына келгенде, полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатқан. А.Бөкенов өз іс-әрекеттерімен бұған кедергі келтірген. Видеоға түсіремін деп жолға да бірнеше рет шығып, қаупсіздік талаптарын сақтамаған. Полиция қызметкерлері бірнеше рет ескерту жасағанымен, оны тыңдамаған. Сондықтан оны бөгеуге тура келген.

Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес А.Бөкенов жеңіл дәрежеде мас күйінде болған.

«А.Бөкеновтің қоғамдық орында осылай жүруі бірінші рет емес. Ол соңғы үш жылда бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған», деді департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полиция автокөлігінің 21 жастағы қызды қағып кеткенін және кейін полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.