12 сәу, 2022 сағат 23:36

Оралда полиция бөлімінің бастығы ұсталды


© zhaikpress.kz

Оралда пара алды деген күдікпен қалалық көші-қон полициясы бөлімінің бастығы Қанат Мұқанов ұсталды. Ұстау дерегін облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, Мұқанов дүйсенбі, сәуірдің 11-і күні 50 000 теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталған. Подполковник анықтаманы жеделдетіп бергені үшін ақша алды деген күдікке ілінді. Қазір ол Орал қаласындағы уақытша ұстау изоляторында отыр.

Полиция департаменті басылымға әріптесінің ұсталуына қатысты пікір айта алмайтындарын айтып, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне хабарласуды сұрады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мұқановтың ұсталғанын растады, оқиғаның жай-жапсарын айтып мәлімет бермеді.

БҚО сотының баспасөз қызметі бұл іс материалдары тергеу сотына әлі түспегенін хабарлады.