Оралдағы №40 орта мектепте оқушылардың неден уланғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 4 қазан күні болған осы оқиғаға байланысты тексеру жүргізілген.
Полиция қызметкерлері сол мектепте білім алатын оқушы қыздың бұрышты газ баллоншасын шашқанын анықтады.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігіне сәйкес (бұзақылық) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын аталмыш мектепте иіс тиген 15 оқушы мен 1 мұғалімнің ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, қазір оқушылардың да, мұғалімнің де жағдайы жақсы, сабаққа қатысып жүр.