31 қаң, 2023 сағат 11:12

Оралда мектеп өртеніп, газдан уланған күзетші ауруханаға түсті

Фото: ҚР ТЖМ 

Оралда мектептегі өрт кезінде газдан уланған күзетші ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 31 қаңтарға қараған түні Д.Қонаев шағынауданында болған.

«Сағат 00.05-те ТЖ департаментінен №28 мектептің екінші қабаты түтіндеп жатқаны жөнінде хабар түскен. Полиция қызметкерлері келген кезде сыныптағы электр қалқанның тұйықталғаны анықталды. Өртті сөндірмек болған аталған мектептің күзетшісі газдан уланған. Кейін ол қалалық ауруханаға жеткізілді. Күзетші газдан уланған деген диагнозбен жансақтау бөлімінде жатыр», деп хабарлады ведомстводан.

БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, 30 қаңтар күні сағат 23.59-да 1992 жылы салынған №28 мектеп-лицейдің екінші қабатындағы №45 оқу кабинетінде жиһаз жанды.

Өрт аумағы 15 шаршы метрді қамтыды. Өрт орнынан №48 оқу кабинеті алдынан мектепте күзетші болып жұмыс істейтін 1957 жылғы ер адам табылды.

Оған алғашқы көмек көрсетіліп, қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.


Газдан уланған күзетшінің жағдайы ауыр. Өрт сағат 00.37-де оқшауланып, 00.40-та толықтай сөндірілді.