07 сәу, 2022 сағат 19:40

Оралда Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай ғимараты пайдалануға берілді


Орал қаласында қайта жаңғыртудан өткен Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғимараттың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиевтің атап өткеніндей, биылғы наурызда Үкімет қаулысына сәйкес әуежайға Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай қазақтың батыр қызының есімі ресми түрде берілді. 

«Ғимарат заманауи технологияларды қолдана отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Қазақстанның батыс қақпасы саналатын Орал қаласының әуежай терминалы өңірдегі туризмнің дамуына, жолаушылар ағынын ұлғайтуға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, әуе көліктері арқылы жүк айналымын арттыруға серпін бермек. Әуежай құрылысына қаржы бөлген «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Джанкарло Рую өзі де құрылысшы болғандықтан, нысанға келіп, ақыл-кеңесін беріп тұрды. Құрылысқа қазақстандық компаниялардың белсене қатысқанын атап айту керек. Осы орайда бас мердігер, «KazConstructionGroup» ЖШС (бас директоры Мұратбек Мұхамбедиев) ұжымына, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Қайрат Кәрімовке алғысымды білдіргім келеді», - деді өңір басшысы.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев алдағы уақытта әуежай шетелдік әуе компаниялары ұшақтарының ұшуы үшін «Ашық аспан» режиміне қосылатынын, бұл шетелдік туристер ағынын арттыруға септігін тигізетінін жеткізді. 

Жоба құны 6,6 млрд теңге тұратын халықаралық әуежай терминалының аумағы 4 500 шаршы метрден 10 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылған.

Нысанда жолаушылардың жүктері мен өзін-өзі тіркеуге арналған құрылғы орнатылды. Бұл сағатына 80-нен 400-ге дейін жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. 

Әуежай арқылы жылына 600 мыңға дейін жолаушы өте алатын болады. Сондай-ақ Амстердам, Мәскеу, Киев, Ыстанбұл, Санкт-Петербург, Әбу-Даби, Атырау, Шымкент бағыттарында жаңадан рейстер ашу көзделген. 

Жаңа заманауи жүйе енгізілген әуежайдың аумағы толығымен абаттандырылып, жолаушылардың демалысы мен тынығуы үшін саябақ та салынған.


Автотұрақ орындарының саны 30-дан 120-ға жеткен. 

Сонымен қатар жолаушылардың күту залында ана мен бала, мүгедектерге арналған арнайы бөлмелер жасақталған. Әуежай құрылысына пайдаланылған қажетті материалдардың 60 пайызы – қазақстандық өнім. 

Әуежай әзірге тәжірибелік пайдалану режимінде жұмыс істейтін болады. Тәжірибелік пайдалану кезеңінде барлық жаңа жабдықтар бір уақытта сыналмақ.