22 қар, 2019 сағат 16:37

Оралда қыздардың мәйітін ауыстырып жібергендер жауапқа тартылды

Оралда қыздардың мәйітін ауыстырып жібергендер жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО әділет департаментінің басшысы Аманжол Әбдірахмановтың айтуынша, қыздың біреуі 13 жасар Айнас Марат облыстық ауруханада қайтыс болған.

Оның туысқандары БҚО бойынша сот сараптамалары институтының мәйітханасына қыздың сүйегін алуға келгенде, қателік жіберілген. Сол кезде мәйітханада Оралда көлік қағып кетіп, қаза тапқан 10 жасар Айару Ермектің мүрдесі болған. Санитар шатастырып, соның сүйегін беріп жіберген.

«Осы оқиға бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Соның қорытындысына сәйкес БҚО бойынша сот сараптамалары институтының директоры Олжас Дүйсенбаевқа қатаң сөгіс берілді. Ал сүйекті шатастырып беріп жіберген санитар Мәди Сариев қызметінен босатылды. Екі қыздың тума-туысқандарына көңіл айта отырып, кешірім сұраймын», деді А.Әбдірахманов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда мәйітханада 10 жасар қыздың сүйегін шатастырып, басқа біреулерге беріп жібергенін жазған болатынбыз. Ал, Айару Ермек бүгін жер қойнына берілді.

Оралда қызды көлік қаққан тұста жарықтандыру шаралары қолға алынды.