Орал қаласының Надежда көшесіндегі қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"24 сәуірде сағат 11:31 шамасында тұрғындардан хабарлама түсті. Надежда көшесіндегі 66-үйдің артындағы қоқыс жәшігінде целлофан пакетке оралған жаңа туған нәресте табылған. Нәресте - ер бала", - дейді ПД баспасөз қызметі.
Абырой болғанда ол аман. Ол қалалық көпсалалы ауруханаға шұғыл түрде жатқызылды. Бұл факт бойынша ҚР ҚК 119-бабы 1-бөлігі "Қауiптi жағдайда қалдыру" бабымен тергеу басталды.
Ал дәрігерлер баланың қатты тоңып қалғанын айтты.
"Нәрестенің қазіргі жағдайы орташа ауыр. Қатты тоңған. Салқын тиген. Оған қоса гипоксиясы, жүрегінде ақауы бар. Әзірге облыстық көпбейінді балалар ауруханасында тиісті ем алып жатыр", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Дәрігерлердің айтуынша, баланың салмағы 2990 гр, бойы 52 см. Ішкі ағзалардың ультрадыбыстық зерттеуі бойынша бауыр паренхимасындағы орташа өзгерістер анықталған.