Оралда кісі тонап, 44,5 млн-нан астам теңгені жымқырып кеткендер ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Еуразия даңғылы 49-үйде орналасқан ақша айырбастау пункті маңында орын алды.
Белгісіз біреулер 28 ақпан күні сағат 21.00-де ақша айырбастау пунктінің 1965 жылғы директорына газ баллонын шашып, ақша салынған қара түсті былғары сөмкесін алып кеткен.
Келтірілген залал 44,513 млн теңгені құрады.
Жедел іздестіру шаралары барысында Орал қаласының 1994, 1994 және 1985 жылғы тұрғындары анықталып, ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.
1995 жылғы төртінші күдікті іздестірілуде.
Күдіктілер ұрланған қаржыға екі автомобиль, ұялы телефондар және басқа заттар сатып алып үлгерген.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 191-бабы 4-бөлігіне (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған тонау) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.