29 шіл, 2022 сағат 16:11

Оралда қараусыз қалған бес жасар бала суға батып кетті


Оралдағы демалыс орындарының бірінде бес жасар бала суға батып кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі Мой город порталына сілтеме жасап.

Қайғылы жағдай кезінде баланың ата-анасы жаздық кафеде отырған.

Оқиға 28 шілдеде Желаев карьерындағы Saya демалыс базасында болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бала жағажайға ата-анасымен келген.

Ақпаратқа сүйенсек, ұл бала үрленген шеңбермен суға түсіп жүрген. Сол уақытта ата-анасы жағадан 50 метр жерде орналасқан жаздық кафеде отырған. Біраз уақытитан кейін олар баланың жоқ екенін байқайды. 40 минуттық іздеу жұмыстарынан кейін құтқарушылар баланың денесін судан алып шықты.

"Қайғылы жағдай болған жағажай суға түсуге арнап жабдықталған. Жағажайда бақылау мұнарасы да бар. Алайда ол жағажайды толық бақылауға мүмкіндік бермейді. Балаларға арналған жағажай да қарастырылған. Сол күні жағада жеті құтқарушы жұмыс істеп жүрді. Демалыс базасына рейд жиі ұйымдастыралды. Соңғы рет төтенше жағдайлар қызметкерлері мұнда 24 шілдеде болды", - делінген ТЖД ақпартында.

Жыл басынан бері облыстың су қоймаларында 12 адам көз жұмды, оның бесеуі бала.