Фото: mgorod.kz
Қайғылы оқиға 25 сәуірде сағат 21:00 шамасында Орал қаласындағы Исатай-Махамбет көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, қалалық мәдениет және демалыс саябағы маңында орналасқан гаражда жарылыс болып, оқиға орнынан үш адамның мәйіті табылған, - деп хабарлайды Massaget.kz сайты "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Өрт салдарынан Исатай-Махамбет көшесінің бойындағы Абай даңғылынан Ықсанов көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысын жабуға тура келген.
Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, 30 шаршы метр аумақтағы гараж жанып, ішінде "ВАЗ-2121" өртенген. Кейінірек өрт 42 шаршы метрлік жеке тұрғын үйдің шатырына жайылған. Өрт сөндірушілер гараждан үш мәйітті тауып, төрт оттегі баллонын шығарған.
Өрт 21:31-де ауыздықталып, 22:02-де толығымен өшірілген. Өрттің шығу себептері мен шығыны анықталып жатыр. Оқиға орнында Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің 23 қызметкері мен 7 техника жұмыс істеген.